Online

Біз туралы

Аймақта алғаш рет - Атырау облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарымен иық теңестіре алатын, ерекше қолтаңбасы бар ақпараттық-танымдық «Азан» - интернет радиосы іске қосылды.
Конфессия және этникалық мазмұнды бір арнаға тоғыстырған руханият радиосының негізгі концепциясы - тіл мен дін, әдебиет пен мәдениет, тарих және ұлттық дәстүрді ақпарат құралы арқылы заманауи үлгіде жаңғырту.
 
4 қыркүйек, 2023 жылы алғаш эфирге қосылған «Азан» интернет радиосы тәулігіне 24 сағат, аптасына жеті күн хабар таратады. Радионың өз алдына www.radioazan.kz ресми сайты бар. Сондай-ақ APPstore желісінде радионың мобильді қосымшасы тыңдарманға қол жетімді. Әлемнің кез келген бұрышында қолжетімді радио эфирінде аймақ жаңалықтары, ауа райы, рухани кемелденуге үндейтін зиялы қауым өкілдерінің сұхбаты, деректі-танымдық радиожобалар іске асырылуда.
 
Әртүрлі жастағы және саладағы тыңдарманның талғамы мен сұранысын қанағаттандыру мақсатында радионың бағдарламалар тізбегінде кәсіпкерлікті қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, Ислам және пайғамбартану хабарлары беріледі. Тыңдарманмен ұдайы байланыста болу үшін радиовикториналық интерактивті хабарлар белгіленген уақыт бойынша эфирге шығады.
 
Атыраудағы «Азан» радиосының төрінде елге танымал бірқатар зиялы қауым өкілдері қонақта болды. Олардың арасында білікті дінтанушылар Арман Қуанышбаев, Нұрсұлтан Рысмағамбет, Сансызбай Құрбанұлы, өнердің дарабоздары Балғымбек Имашев, Қуандық Шәкіржановтар тыңдарманмен тілдесті.
 
Радиомыздың эфирінде жарық көрген барлық хабарлар әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға жүктеліп отырады. Фейсбук, Инстаграм, Вконтакте және Ютюб арнасындағы контентте 100 астам хабарлар көшіріліп, аудиоподкаст форматында тыңдалым аудиториясы артып келеді.
 
Руханияттың ұйытқысы, кемеңгерлікке шақыратын, ағартушылыққа бастайтын «Азан» радиосы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, радикалды діни ағымдарды алдын-алуға бағытталған заманауи ақпараттық платформа. Радиода журналистика саласында көп жылдық тәжірибесі бар редакторлар, филолог-лингвистер, әдебиетшілер мен тарихшылар, этнологтар мен теолог мамандары қызметке жұмылдырылған. Дін мен дәстүр біте қайнасқан ортада қазақы мәйекпен, жергілікті халықтың сұранысы негізінде маңызды деген тақырыптар қамтылып, бейбтшілікке шақыратын құндылықтар дәріптеледі.
 
«Азан» радиосының ендігі алға қойған мақсаты ақпарат министрлігінің қолдауымен, дәстүрлі FM жиілігі арқылы әуе толқынында таралымды жүзеге асыру. Бұл бағытта радионың шығармашылық және техникалық әлеуеті жоғары. Біз жаңа хабарларды шығаруға, тыңдарманның тілегін ескере отырып, тың бастамаларды іске асыруға дайынбыз.
 
«Азан» радиосымен рухани кемелденіңіз!